07 Мамыр, 2015

Талап биік, міндет зор

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері еліміздің Оңтүстік аймағының әскери қауіпсіздігін сенімді қам­тамасыз ететін жауынгерлік жа­ғынан жаттыққан және қалып­тасқан орган болып табылады. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында осы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскер­лерінің қолбасшысы, генерал-майор Талғат ҚОЙБАҚОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсіп, әске­рилердің жауынгерлік рухы мен ұрысқа дайындық деңгейі жайлы әңгімелескен едік. 30-40-1 – Талғат Мамыртайұлы, әң­гімемізді алдымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әс­керлерінің құрылу тарихы кезеңінен бастасақ. – Ел тыныштығын күзетіп тұрған әскери қызметкерлердің мойнындағы жауапкершілік қашанда ерен. Қазақстан Қа­рулы Күштерінің дүниеге келуі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Эко­номикалық қиындықтармен қатар, ел қауіпсіздігі үшін әс­ке­ри экономикалық мәсе­ле­лерді де шешу кезек күттір­мес міндет еді. Мынау алма­ғайып, мазасыз дүниеде жас мем­­лекетіміздің іргесін қым­тап, жерінің тұтастығын сақтау үшін Елбасымыз заманауи әскер құруды қолға алды. 1992 жыл­дың 7 мамырында Қазақстан Рес­публикасының Қарулы Күштері құрылды. Ел Президенті – Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбас­шысының тапсырмасы бойынша жас тәуелсіз елдің Қорғаныс министрлігі алдында қысқа мерзім ішінде ұтқыр, ұрысқа қабілетті армия құру міндеті тұрды. Көп ұзамай Шығыс, Оңтүстік, Батыс және Орталық әскери округтері дүниеге келді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында ел Қарулы Күштерінің құрылымы реформаланып, Қарулы Күштердің үш түрі – Жалпы мақсаттағы күштер (бұрынғы Құрлық әскерлері), Әуе қорғанысы күштері мен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері енгізілді. Кейін Жалпы мақсаттағы күштер қайтадан Құрлық әскерлері болып өзгер­тілді. 2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлыққа орай, Құр­лық әскерлерінің құрамына «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбас­шылықтары, Әуе қорғаныс күш­тері мен Әскери-теңіз күштері кірді. Екі дербес әскер тектері – Аэроұтқыр әскерлері – Жоғарғы Бас қолбасшының резерві, Ракета әскерлері мен артиллерия­сы құрылды. Осы Жарлықпен Қарулы Күштер Бас штабының базасында жаңа әскери басқару органы – Штабтар бастықтары комитеті құрылды. – Иә, арадағы 23 жылда әс­керіміз қалыптасып, аяғы­нан нық тұрды деп айтуға әбден болады. Әйтсе де, жауын­гер­леріміз барлық жағдайға сақадай-сай ма? Әскеріміздің беделі мен абыройын арттыруда қандай жағдайлар жасалуда? – Бүгінде Қарулы Күштер­дің қызметінде жұмылдыру ре­зервінің дайындығына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда біздің шақыру және дайындықтан өткізу жүйеміз толықтай же­тіл­дірілді. Жеке құрамды жасақ­тау келісімшарттағы әскери қызметшілердің үлесіне басым­дық бере отырып, аралас принцип бойынша жүзеге асуда. Қару­лы Күштердің құрамдас бір бө­лігі «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шылық әскерлері еліміздің Оңтүс­тік өңірінің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауда қырағы күзетте тұр. Оған еліміздің Ал­ма­ты, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда сынды төрт облысының 713 мың шаршы ки­лометрді құрайтын аумағы жатады. 2001 жылы мамыр айында өңірлік қолбасшылықтың Тараз қаласында орналасқан басқару штабы ғимаратының ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысып, округке Жауынгерлік ту тапсырды. Жоғарғы Бас қолбасшы осынау салтанатты сәт үстінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қайта жаңғыртылуы Оңтүстік әскери округінен басталады», деген еді. Мұны қорғаныс саласындағы көрсетілген құрмет ретінде мақтаныш тұтамыз. Бүгінде біздің мемлекетіміздің басшылығы тәуелсіз Қазақстан армиясы күшті және мықты болып қалыптасуы, сондай-ақ, әскери кәсіби беделді және абыройлы болуы үшін барлық жағдайларды жасауда. Жыл басынан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлерінде жауынгерлік дайындықпен қатар әскер қатарына шақырылушы жастармен көптеген әскери-патриоттық акциялар өткізілді. Еліміздің төл әскерінің қуатын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды реформа­лар өңірлік қолбасшылық әскер­лерінде де жүзеге асуда. Жауын­герлік әзірлікті арттыру үшін мұнда барлық жағдай жасал­ған. Облыс аумағында орна­ласқан, еліміздегі ең ірі оқу-жаттығу алаңы болып табылатын Мәтібұлақ, сондай-ақ, Теріс-Ащыбұлақ, Айша бибі, Мүңке, Дарбаза полигондары әс­керилердің біліктілігін шың­дауда үлкен рөл атқарып отыр. Еліміздің Қарулы Күштері­нің әскери құрылымдары тартылған «Сарыарқа-2004», «Жетісу-2005», «Іле-2006», «Алдаспан-2008», «Өзара іс-қимыл-2009», «Бейбіт миссия-2010» сынды оқу-жаттығулар барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері де жоғары жауынгерлік дайындықта екендіктерін көрсете білді. Бұл жемісті жолдар күні бүгін де жалғасып, осындай жаттығулар барысында өздерін алдыңғы шептен көрсете білуде. – Әскердің мереке ал­дын­дағы көңіл-күйі қалай? Қанша дегенмен, бұл мереке жауынгерлердің рухын оятып, отансүйгіштік қасиеттерін арттырады емес пе? – Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын негізге ала отырып, қолбасшылық жастардың бой­ындағы отансүйгіштік қасиетті барынша арттырып, Отан ты­ныш­тығын қорғау жолындағы қыз­меттеріне лайықты үлес қосады. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әскерилер де аянып қалмайды. Астанада өте­тін әскери шеруге біздің әскерлеріміз қатысады. Онда «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығының әскер­лерінің үздік офицерлері, сержанттары және әскери әйел қызметшілері Құрлық әскер­лерінің шеруінде сап түзейді. Ал, 9 мамырда Отан қорғаушы күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мейрамын Тараз гарнизонында Жамбыл облысы әкімдігімен бірге біздің әскери қызметшілер қатысқан мерекелік шаралар өтеді. Бұл шаралар біздің Қарулы Күштеріміздің абыройын арттыруға және әскерлердің заманауи кәсіби шеберлігін тұр­ғындарға шынайы көрсету мүм­кіндігі туады. Мейрам күндері біз Ұлы Отан соғысының арда­гер­лерін ұмытпауымыз тиіс. Олар өздерінің жастарына қара­мастан сарбаздар мен әскери қызметшілерді батырлыққа және Отанымызға абыроймен қызмет етуге үйретеді. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.